Портфолто учителя ГУ "СШ№24" Закарьяновой Айнур Кызырбековны
Вы вошли как ГостьПриветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Сайыстарда жазғаным » Эссе

БАЛА БОЛАШАҒЫ МЕНІҢ ҚОЛЫМДА
«Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік  ұстазы» облыстық  байқауының  үміткері Өскемен қаласы   №24 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Закарьянова Айнұр Қызырбекқызының шығармашылық  жұмысы ЭССЕ БАЛА БОЛАШАҒЫ МЕНІҢ ҚОЛЫМДА «Бала болашағы менің қолымда»,  бұл  ұстаздың ойына күніне сан мың рет оралатын тұжырым. Бірақ осы жайлы сөз қозғаған кезде менің ойыма: «Бала болашағы қандай болуы керек? Ұстаздың қолында келешек ұрпақтың тағдырына ықпал ететін қандай мүмкіндіктері бар? Бала болашағы жарқын болу үшін не істеуім қажет?» - деген сұрақтар көңілімді шырмауықша орай берді. Осы шырмауды шешемін деп  терең ойға шомыла бердім, шомыла бердім... Бала болашағы қандай болуы керек... Ұстаз да адам баласы. Бұл мәселені шешу үшін, өзім де бір пенде болғандықтан, баласының болашағына үміт артқан көп ата-аналардың бірі болғандықтан ана ретінде көз жүгірттім. Мен, ең алдымен, баламның аман-саулығын тілеймін, осыдан кейін барып қана, оның келешекте қандай азамат болатындығы, өзі өмір сүріп жатқан ортаның, яғни болашақтың қандай болатындығы толғандырады, өйткені  әр адам өз баласына әлемнің асылын, бар жақсылықтың болуын қалайды емес пе?! Тағы да өзіме келсем,  ұлымның өскенде тәрбиелі, ақылды да парасатты, ата-анасына, ағайын-туысқандарына қамқор бола алатын азамат болуын, өз күнін өзі көре алатын, өз нанын өзі тауып жей алатын, ешкімнен именбейтін, ешкімге кіріптар болмайтын, жауапкершілігі мықты, белсенді, адал да әділ дара тұлға болуын армандаймын. Ал, ол өмір сүретін ортаның осыған сәйкес жақсылыққа талпынған прогресшіл, салауатты өмір салтын ұстанатын, қоршаған ортаға қамқор, адамзатқа тек қана ақ ниетпен қарайтын қоғам болғанын қалаймын. Ата-ана ретінде, бұл арманға жету үшін бала алдында өзімнің де үлгі боларлықтай тұлға болу міндетін, сырттан бақылаушы болмай қолымнан келген барлық мүмкіндіктерді қолдана отырып тәрбиелеп, оқыту қажеттігін, яғни ұрпағымның болашағы менің қолымда екендігін айқын түсінемін. Арманымдағы азаматты өсіруге ата-ананың ғана емес, мектептің де көп ықпалы барлығын мойындаймын. Болашақтың есігі де, бесігі де мектеп қой. Ал, сол бесікті тербетер, мәпелер – ұстаздар қауымы. Қарасаңыз, ұстаздың да ойы осы: жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, белсенді, парасатты, алғыр да зерделі, тәрбиелі жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан, баланың болашағы ата-анасымен ұстазының, яғни менің қолымда.    Мен өзімнің еңбек жолымда мектептегі бірнеше келеңсіз жағдайлардың куәсі болдым. Бірде, сыныпқа кіріп келсем, бір мұғалімі: «Менің алдымда отырған балапан, өскенде қандай азамат болар екен?» - деп өзінше жорамалдап, армандап отыр екен. Бір кезде, бүлдіршіндерге жалпылай қарап: «Мына баладан көп үміт күтуге болады, ал мыны баланың өмірде бір нәрсеге қол жеткізуі екіталай»,-деп  сырттай бала болашағына өзінше тон піше бастады. Мен шыдамай, наразылығымды айтып, сөзге килігіп едім: «Сіз көп нәрсенің байыбын білмейсіз, ол өте нашар оқитын бала ғой!»-деп тыңдағысы келмеді. Қарап тұрсаңыз, ол кісі үлкен педагогикалық, адамилық қате жіберді. Өйткені, әлгі бала да біреудің «бауыр еті - баласы» емес пе, оның да ата-анасы ұрпағынан үлкен үміт күтіп, ұстаздарға сеніммен қарап та жүрген болар, ал біз болсақ, оның жолын ашудың орнына селқос қарап, назар аудармадық. Бұл мұғалімге кешірілмейтін күнә емес пе? Осы жайттарды ойлай келе «әр бала – жеке тұлға, жаман бала жоқ, нашар педагог қана бар» деген тоқтамға келдім. Егер, біз баланы зерттеп, оның қабілеттілігін анықтап, дұрыс жолға салып, дамыта білсек, барлық баладан зор үміт күтуге болады, ол үшін әр баланың жеке дарындылығын ашып, оның жүрегінің кілтін таба білу қажет, сонда ғана ертеңгі күні ол азаматты кездестіргенде бетіне тіке қарай аламақпыз. Біз болашағымыздың жарқын болуын қалаймыз, бірақ жай ғана қалау жеткіліксіз. Қарыштап алға ұмтылған ағымы қатты заманда сол толқыннан қалмай алға ұмтыла отырып, армандаған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету қажет, яғни, өзіміз де заман талабына сай болуымыз керек, сондай-ақ, оқушы көз алдында үлгі аларлықтай тәрбиелі, инабатты, бала жанын түсінер жан болуымыз қажет. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та бізге сенім артып: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,- деп  ұстаздардың жаңа заман қалыптастырудағы алатын орнын өз сөзінде айқындап атап өткен болатын. Ал, біз, ұстаздар қауымы, осы жүктемені халық айтпақшы: «Нар тәуекел – ер ісі», - деп бар күшімізді салып арқалап көтеруге тиіспіз, сонда ғана діттеген мақсатымызға жетіп, Елбасы сенімін, халық сенімін, ата-ана сенімін болашақ алдында ақтай алмақпыз.  Ал, ендігі кезекте, бала болашағы жарқын болу үшін не істеуім қажет...  Бұған бірден «сапалы білім беруім, құнарлы тәрбие беруім қажет» деп жауап берер едім. Білімнің сапалы, жоғары деңгейде болуы, тәрбиенің саналы, жеткіншек ұрпақтың бойына сіңімді болуы,  тікелей мұғалімнің кәсіпкерлігімен шеберлілігіне, баламен қарым-қатынас жасауына, ол құрастырған әр сабақтың құрылымына байланысты деп ойлаймын. Әр сабақты жоспарлай отырып, алдыма келген оқушының білімі сабақ соңында бір сатыға жоғарылап, рухани жетілуі тиіс екендігін ешқашан естен шығармауға тырысамын. Сонымен, менің мақсатым - әрдайым білімім мен біліктілігімді арттыру, жетілдіру, баланың дамуы үшін бар күшімді салу.  Айтылған ойлар ұстаздар қауымына дарып, ісіміз сауатты да, сапалы болып, ел болашағының көркеюіне қызмет етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Біздер - болашақ жеке тұлғаны қалыптастыратын таудан аққан ағын судың бір тамшысымыз. «Тамшыдан тама, тама дария болады», - дейді, сондықтан мен тек қана, сол тамшының берері көп болсын, ұшан-теңіз дарияға айналсын деп тілеймін! Ойымды жинақтаған шақта ақындық қасиетім оянып, мына бір өлең жолдары тіліме үйіріле кетті: Болашағын елімнің таң нұрына балаймын, Сарқырап аққан ағынды тау суына балаймын. Көзден шыққан тұп-тұнық бұлағына балаймын, Кілемдейін төселген көк шалғынға балаймын.   Қарап тұрсам үңіле алдымдағы балаға, Жәудіреген көзінен көрінеді хас тұлға. Оқытуға парызым, дарабозын елімнің, Келешегі  бақытты боларына сенемін!    Бала болашағы біздің қолымызда, сол ертеңгі күніміз арайлы, бақытты да жарқын болуы үшін тізерлесе тер төгелік, ұстаздар!  
Категория: Эссе | Добавил: учитель (15.01.2012)
Просмотров: 6149 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 2
2 saia  
0
қазақстанда осындай ұстаздар көбейе берсін

1 saia  
0
қазақстанда осындай мұғалімдер көбейе берсін!!!!!!!!!!!!!!

Имя *:
Email *:
Код *: