Портфолто учителя ГУ "СШ№24" Закарьяновой Айнур Кызырбековны
Вы вошли как ГостьПриветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Сайыстарда жазғаным » Эссе

Қазіргі заман сағы қандай?
  Қазіргі заман сабағы қандай? «Заман» ешкімнің ырқына бағынбайтын, үзеңгілесең де шырмалып тоқтамайтын таудан аққан тасқын сумен іспеттес - өмір ағымы. Мұнартқан шың басынан басталып жолай тау тасты төңкеріп, кедергілерге мойынсынбай асығып арпалысады. Күркіреген ағын су - заман болса, қарқынды ағысы – заманауи өзгерістер, тау етегіндегі шұрайлы алқап – қоғам болмақ. Жаңа ағын жаңа өзгерістерді, жаңа өзгерістер жаңа қауымды дүниеге әкеледі. Ал, қазіргі біз өмір сүріп жатқан заман қандай, оның әкелген жаңалығы қандай, адамға әсер етер құдіреті қандай, осыған тоқталып өтелік. Заман өзгерген сайын, қоғам да өзгереді, гүлденіп, жаңаша бір күйге енеді. Оған ықпал ететіп, өзгертетін не дейсіздер ғой? Ол – жаңа бағдар, жаңа білім кеңістігі. Біздің еліміздің жаңа білім кеңістігі нені насихаттайды, нені қалайды, нені мақсат тұтады екен? Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында: «Қазіргі таңда Қазақстан білім кеңістігінде жаңа бағдар жүріп жатыр, соның бірі ақпараттық технология арқылы білім беру арқылы бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу», - деп нақты айтып өтті. Сонымен, білім берудің қазіргі өмір талабына сай насихаттайтыны – ақпараттық технология. Мақсаты: 50 елмен бәсекелестікке жарайтын қабілетті, білімі терең, жан-жақты дамыған болашағы зор ұрпақ дайындау. Нені қалайды: осындай болашақты жетелер, білім нәрімен сусындатар  жаңашыл мұғалімдердің болуын қалайды. Президентіміз: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», - деп біздің, ұстаздар қауымының негізгі мақсат-мүддесін анықтап, мемлекет тарапынан бар қолдауын көрсетуде. Ал, біз, ұстаздар қауымы осы жүктемені халық айтпақшы: «Нар тәуекел – ер ісі», - деп бар күшімізді салып арқалап көтеруіміз қажет. Біздер болашақ жеке тұлғаны қалыптастыратын таудан аққан ағын судың бір тамшысымыз. «Тамшыдан тама, тама дария болады», - дейді, сол тамшының берері көп болсын, ұшан-теңіз дарияға айналсын деп тілеймін. Сонымен, қазіргі заман ағымын, білім кеңістігін, жаңашыл көзқарасты мұғалімін сөз етіп айқындадық, енді осы ұстаздың «қаруы» яғни «қазіргі заман сабағы» қандай? Сабақ – оқу үрдісінің басты құрамдық бөлігі. Білімнің сапалы, жоғары деңгейде болуы сабаққа байланысты, сондықтан сабаққа қояр талап та жыл санап күшеюде. Алдыңа келген оқушының білімі сабақ соңында бір сатыға жоғарылауы қажет. Дәстүрлі білім беруде оқу үрдісі «мұғалім-оқушы» ұстанымы бойынша жүзеге асса, бүгінгі таңда «оқушы-мұғалім-оқушы» болып өзгерген, яғни бұрын сабақтың басынан аяғына дейін мұғалім өзі білім берген болса, қазір оқушы білімді өздігінен игеріп, мұғалімнің көмегімен түсініксіз жерлерін ұғып алып, ары қарай білімін жалғастырып, тәжірибе жүзінде қолданып, пысықтайды. Сонда жаңашыл ұстаздың қызметі – кеңесші, бағыт-бағдар беруші, білімі мен біліктілігін қадағалаушы. Негізгі мақсат – ой ояту, оқушының қорытындыға өздігінен шығуына мүмкіндік беру. Қазіргі сабақ – нәтижеге бағытталған оқу әрекеті. Сабақ болғаннан кейін әдіс бар, әдіс бар жерде жүйелі түрде сабақ беру – технология туындайды. Білім беруде заман сұранысына орай оқушы қызығушылығын арттырып, белсенділігін дамытатын, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді технологиялар саны жыл санап артуда. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының: «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу», - деген сөздері ойға оралады. Менің ойымша, бір сабақта түрлі әдіс-тәсілдерді орнымен қолданса, көп нәтижеге жетуге болады, ең бастысы соның тиімдісін анықтап білу. Қазіргі заман сабақтарында модульдік оқыту, проблемалық оқыту, деңгейлеп оқыту, тест жұмысы, компьютермен оқыту, итерактивті тақтамен оқыту, зерттеу, миға шабуыл т.б. интерактивті әдістер қолданысқа енуде. Бұрын, дәстүрлі оқытуда ұжымдық оқыту басым болса, бүгін жұптық, топтық, жеке топтық оқыту формалары оқу үрдісіне енді. Биылғы оқу жылында Ж.Кобдикованың «Үшөлшемді әдістемелік жүйесі» педагогикалық технологиясы мен  «Ақпараттық оқыту технологиясын» ұштастырып, әр сабаққа технологиялық карта құру арқылы білім берудемін. Ж.Кобдикованың технологиясы оқушыны өздігінен білім алуға, зертеуге, ой оятуға итермелесе, «Ақпараттық оқыту технологиясы» жеке тұлғаны жан-жақты дамытып, іздену мен алгаритм, сызба құрау машығын қалыптастырып, оқуға деген қызуғушылығы мен ынтасын арттырады, білімін тиянақтап, жүйелеуге септігін тигізеді. Бүгінде интерактивті тақтаны, электронды оқулықтарды  пайдалану, интернет желісімен жұмыс істеу қарыштап дамуда. Бұл - заман әкелген өмір талабы. «Жылай-жылай арық қазсаң, күле-күле су ішесің», - дейтін бұрынғының қарттары, ақпараттық технологияның қыр-сырын меңгеріп, компьютердей асау тұлпарды өз ырқымызға көндіру үшін қиыншылықтарды бастан өткерсек те, қазіргі таңда қолданысқа енгізген соң оның мұғалімге, оқушыға берер жеңілдіктері мен тиімділігін көргенде масаттанып, адам қиялына тежеу жоқ екендігін еріксіз мойындадық емес пе?! Өз басым, «Тәуекел кемесі суға батпайды», - деген халық даналығын ұстанған, озық технологияларды қолданып бірнеше облыстық, қалалық ашық сабақтар беріп, интернет жүйесі бойынша іскерлігіммен бөлісіп жүрген ұстазбын. Егер, тілдескіңіз келсе, электрондық мекенжай бойынша хабарласуға  болады: Ainur16@mail.ru. Қалам ұштаған тақырыпқа бір көз жүгіртіп, ойымды тұжырымдап, сөз соңында мына бір шумақты арнаймын: Қазіргі заман сабағы, алға баста біздерді, Техниканың күшімен тамсандырдың күллі елді. Қарыштай дамып, жетелеп, қызығыңа қандырдың, Іздендіріп шәкіртті, тамсандырып оқытқын! «Жақсыны көрмек үшін»,- дейді халқымыз, жақсы әдіс-технологиялар ұстаздар қауымына дарып, сабақтарымыз нәрлі, тартымды да сапалы болып, еліміздің болашағына қызмет етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. «Қазіргі заман сабағы ұшқыр, әсерлі, сапалы, тиімді, қызықты да шұрайлы», -  деп нық сеніммен айта аламын. Әрбір сабағыңызды шәкіртіңіз асыға, ынтыға күтсін, жас ұстаз!
Категория: Эссе | Добавил: учитель (15.01.2012)
Просмотров: 4897 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: